You are here

Қазақстан Республикасы прокуратура органдарына резервке енгізу және жұмысқа қабылдау үшін үміткерлерді іріктеу ережесі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы
Бас прокурорының 2004 жылғы
30 шілдедегі №479оа
бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының прокуратура органдары
қызметіне қабылдауға және резервтің есебіне алынатын үміткерлерді іріктеу туралы
Ереже

(Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 27.05.2008ж. №430оа, 06.01.2009ж.№5оа және 06.04.2013ж. №90оа бұйрықтарымен енгізілген өзгертулермен және толықтырулармен)

І. Жалпы ереже

1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы прокуратура органдарына қызметке қабылдау және резервке алу үшін үміткерлерді іріктеудің бірыңғай тәртібін белгілейді.

Үміткерлерді іріктеу прокуратура органдары басшыларының және кадр қызметінің маңызды міндеттері болып табылады, тұтастай алғанда прокуратура органдары қызметінің тиімділігі олардың сапалы шешімдеріне байланысты болады.

2. Резервке алу үшін үміткерлерді іріктеуді облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (бұдан әрі – Комитет), Комитеттің аумақтық органдарының, С.Есқараев атындағы Бас прокуратура Институтының кадр қызметтері жүргізеді.

3. Кадрлық резервке алынған, сонымен қатар қызметке қабылданған тұлғалар келесі талаптарға сәйкес болуы қажет:

ерекше талап – Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы, ҰҚК органдарының арнайы тексерулерінің оңды нәтижесі, Қазақстан Республикасының  «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарында қарастырылған шектеулерді өзіне қабылдауға дайын болуы;
прокуратура қызметкерінің кәсібі бойынша жұмыс істеуге ынтасының  болуы;
қажетті мамандықты игеруі – жоғары заң білімінің болуы;
сәйкес біліктіліктің болуы – Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 4-бабында қарастырылған прокурорлық қадағалаудың бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының  заңнамаларын қолданудың базалық дағдыларын білуі және қажетті іскерлік әрі моральдық-адамгершілік қасиеттерінің болуы. Резервке алу үшін үміткерлердің біліктілігі өткізілген тестілеудің, тағылымдаманың және әңгімелесудің нәтижелері бойынша анықталады. Прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін аттестациялық комиссия анықтайды: бірінші рет жұмысқа қабылданғаннан кейін бір жылдан соң және одан әрі 3 жылда бір рет. Нақты лауазымға тағайындалған прокуратураның қызметкері прокурорлық қадағалаудың кез-келген бағытын игеруі тиіс және қызмет өткеру барысында прокурорлық жұмыстың басқа бағытына ауыстырылуы мүмкін;
денсаулық жағдайы – әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша прокуратура органдарында қызметке жарамды болуы.
Прокуратура органдарына бұрын сотталған  және ақтамайтын  негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылғандар, сонымен қатар мемлекеттік қызметтен, прокуратура органдарынан, басқа да құқық қорғау органдарынан, сот және әділет органдарынан теріс қылықтары бойынша шығарылған тұлғалар прокуратура органдарына қызметке қабылданбайды және резервке алынбайды.

4. Қазақстан Республикасы прокуратура органдарына қызметке қабылдау және резервке алу үшін үміткерлерді тиісті іріктеуді қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдар басшыларының бұйрықтарымен құрылған комиссиялар үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссиялар болып табылады.

5. Компьютерлік тестілеуден, алдын-ала тағылымдамадан, әңгімелесуден, ҰҚК органдарының арнайы тексерулерінен сәтті өткен, прокуратура органдарында қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамды, өзіне қатысты Комиссиямен кадрлар резервіне алу туралы шешім қабылдаған үміткерлер прокуратура органдарына қызметке қабылдау үшін резервке алынғандар болып табылады.

6. Үміткерлерді іріктеу процесі келесі сатыларды қамтиды:

1) құжаттарды жинақтау мен жеке істерді қалыптастыру;
2) міндетті арнайы тексеруді жүргізу, оның ішінде құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға сұраныстар жолдау арқылы үміткердің беделіне кір келтіретін материалдардың бар-жоқтығы жөнінде, жеке және моральдық қасиеттерін сипаттайтын мәліметтерді жинақтау; 
3) кәсіби және жеке қасиеттерін рейтингтік бағалау (№3 Қосымша);
4) компьютерлік тестілеуді өткізу;
5) алдын ала тағылымдамадан өткізу;
6) Комиссиямен резервке алу мәселесін қарау;
7) үміткерді резервке алу туралы бұйрық шығару;
8) резервшіні қызметке қабылдау туралы бұйрық шығару.
7. Үміткерлерді іріктеу процесін бастау үшін келесілер негіз болып табылады:

үміткердің жазбаша өтініші;
қала, аудан, арнайы прокурорлардың ұсынымы (бұдан әрі – ұсыным);
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының немесе Комитетінің жолдамасы (бұдан әрі – жолдама).

8. Үміткерлерді іріктеу бойынша прокуратура органдарының қызметі ашық және жариялы түрде  жүзеге асырылады. 

II. Жеке істерді қалыптастыру

9. Кадр резервіне үміткердің жеке ісін қалыптастыру келесі құжаттарды жинақтаумен қамтылады:

резервке енгізуге негіз болған құжаттар (арыз, жолдама және т.б.);
бағалау парағы;
жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
жоғары арнайы білімі туралы дипломы мен оның қосымшасының нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі (түпнұсқасы үміткердің өзімен табысталады);
кадр есебi жөнiндегi жеке iс парағы;
өмiрбаян;
прокуратура органдарында қызмет атқаруға жарамдылығы туралы әскери-дәрігерлік комиссияның анықтамасы;
үміткердің жеке басын сипаттайтын материалдар (мінездеме, пікірлер мен т.б.);
арнайы тексерудің материалдары (соттылығы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, декларацияны тапсыруы туралы және құқық қорғау, мемлекеттік органдардың мәліметтері);
компьютерлік тестілеудің хаттамасы;
алдын ала тағылымдаманың нәтижесі туралы анықтама-қорытынды;
әңгімелесудің хаттамасы;
кадр резервіне алу жөнінде бұйрық.

III. Тестілеу өткізудің тәртібі

10.Тестілеудің мақсаты үміткерлердің Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Прокуратура туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс Кодексінің нормаларын білуін тексеру болып табылады.

Компьютерлік тестілеу Бас прокуратурамен «Он-лайн» режимінде «Қазақстан Республикасының прокуратура органдары қызметкерлерін тестілеу жүйесі» ақпараттық жүйесімен үміткердің қалауымен қазақ немесе орыс тілдерінде заңнаманың өзгеруіне қарай кезеңімен жаңартылып отыратын арнайы әзірленген сұрақтар бойынша жүргізіледі.

Компьютерлік тестілеуді Бас прокуратураның Кадр жұмысы департаменті «Он-лайн» режимінсіз Бас прокуратураның тестілеу залында өткізуі мүмкін.

Компьютерлік тестілеу процесі бейнеконференция байланысын қолдану арқылы аудио-бейне хаттамаландырумен прокуратура органдарының Бірыңғай көлік ортасының қорғалатын байланыс арналарымен жүргізіледі.

11.Үміткерлерді компьютерлік тестілеуге жіберуге рұқсат беру мынадай тәртіппен жүргізіледі:

тестілеу өткізілуіне дейін кемінде 10 күн бұрын Бас прокуратураның Кадр жұмысы департаментіне уәкілетті басшы немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолы қойылған жолдама хатпен №1 қосымшаға сәйкес компьютерлік тестілеуге жататын тұлғалардың бекітілген тізімімен олардың жеке куәліктерінің көшірмелері ұсынылады;

Бас прокуратурамен компьютерлік тестілеуге жататын тұлғаларға логиндер мен парольдер қалыптастырылып, прокуратура органдарының кадр қызметтеріне жолданады;

12. Бас прокуратураның Кадр жұмысы департаментіне жолданатын тестілеуге жататын тұлғалар жөнінде мәліметтің шынайлығын прокуратура органдарының кадр бөлімшелері қамтамасыз етеді.

13. Компьютерлік тестілеуді өткізудің әділдігі жағдайлардың, уақыттың, нәтижелерді автоматтандырылған түрде есептеудің және тесттердің мазмұнының стандарттылығымен қамтамасыз етіледі.

Тестілеу кезінде бөлмеде тек тестіленіп жатқан тұлғалар бола алады. Сонымен қатар, тестілеуде кадр қызметінің өкілі мен техникалық маманның болуы міндетті.

14.Үміткерлердің жеке куәліктері мен жеке сәйкестендіруші номері болуы тиіс.

Үміткерлер жеке куәліктерінсіз тестілеуге жіберілмейді.

Тестілеу кезінде үміткерлерге тестілеу өтіп жатқан бөлмеден шығуға, қабылдау-тарату құрылғыларын пайдалануға (оның ішінде ұялы телефондар, жеке қалта компьютерлері және өзге де электрондық құрал-жабдықтар), қағаз тасушыларды пайдалануға тыйым салынады.

15. Үміткерлерге тестілеудің болатын күні мен орны туралы оның өткізілуіне дейін кемінде 10 күн бұрын хабарланады.

Дәлелді себептермен тестілеуге келмеген тұлғаларға кадр қызметтерінің шешімімен тестілеу басқа уақытқа ауыстырылады.

16. Тестілеуден өтуші 120 сұраққа 1 сағат 30 минутта жауап беруге тиіс. Әрбір дұрыс жауапқа бір балл есептеледі.Сұраққа қандай да бір жауап болмаған жағдайда ақпараттық жүйе дұрыс емес жауап есептейді.

17. Компьютерлік тестілеуде 72-ден жоғары балл (60% дұрыс жауап) алған үміткерлер тестілеуден өтті деп саналады.

18. Компьютерлік тестілеуде төменгі шекті деңгейді ала алмаған тұлғалар кемінде 3 айдан кейін тестілеуді қайтадан өтеді.

19. Тестілеудің қорытындыларын талқылап болғаннан кейін үміткермен оның кәсіби және жеке қасиеттерін білу мақсатында әңгімелесу өткізіледі.Комиссияның отырысы хаттамамен рәсімделеді. Компьютерлік тестілеудің қорытындылары тестілеу парағына енгізіледі. Хаттамаға төраға, комиссияның мүшелері және комиссияның хатшысы қол қояды, тестілеу парағына - комиссияның хатшысы мен тестілеуші үміткер қол қояды.

20. Тестілеу парағы хаттамамен бірге үміткердің жеке ісінде сақталады.

21.Тестілеу мен әңгімелесудің материалдары Қазақстан Ресубликасының Бас прокуратурасының кадр бөлімшелерінде және аумақтық, облыстық прокуратураларында 3 жыл бойы сақталады.

IV. Алдын-ала тағылымдамадан өту тәртібі

22. Тестілеуден, арнайы тексеруден жақсы өткен және прокуратура органдарында қызмет атқаруға денсаулық жағдайы бойынша жарамды тұлғалар резервке алынғанға дейін, үлгілік жоспарға сәйкес ( №2 қосымша)  алдын-ала тағылымдамадан өтеді, оның мақсаты олардың моральдық-іскерлік қасиеттерін және кәсіби жарамдылығын терең зерделеу болып табылады. Алдын-ала тағлымдамадан өту аудандық, қалалық, арнайы прокуратураларда, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық басқармаларында бір ай мерзімде жүргізіледі.

Алдын-ала тағылымдамадан өтуден төмендегілер босатылады:

бұрын прокуратура органдарында жұмыс істеген, сыныптық шені бар тұлғалар;

прокуратура органдарында бір жылдан кем емес жұмыс өтілі бар әкімшілік мемлекеттік қызметшілер;

жедел-тергеу лауазымдарында бір жылдан кем емес қызмет істеген құқық қорғау органдарының қызметкерлері;

жеке еңбек келісім шарты бойынша прокуратура органдарында жұмысқа ресімделген және қызметтік құжаттармен екі жылдан аса уақыт жұмыс істейтін тұлғалар;

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының С.Есқараев атындағы Институтына қызметке қабылдау кезінде, заңгер мамандығы бойынша үш жылдан кем емес оқытушылық жұмыс өтілі бар тұлғалар .

23. Қала, аудан, арнайы прокуратураларының, Комитеттің аумақтық органдарының басшылары үміткерлерді резервке алу үшін алдын-ала тағылымдамадан өткізу кезінде, аумақтық ішкі қауіпсіздік қызметтерімен өзара бірлесе отырып, олардың жеке басын, моральдық-адамгершілік және іскерлік қасиеттерін, қажет болған жағдайда қосымша құжаттарды талап ете отырып (мінездеме, анықтама және т.б.)  жан-жақты зерттеуге міндетті.

24. Алдын-ала тағылымдамадан өткеннен кейін қала, аудан, арнайы прокурорлары, Комитеттің аумақтық органдарының бастықтары үміткерлердің тағылымдамадан өту нәтижесі туралы анықтама-қорытынды жасайды, онда тағылымдамадан өтушінің моральдық-адамгершілік және іскерлік қасиеттері, оның еңбек және орындаушылық тәртіпке қатысы және тағлымдамадан өтушіні кадрлық резервке алу мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы негіз болатын тұлғаны сипаттайтын басқа да мәліметтер  көрсетілу қажет.

25. Қала, аудан, арнайы прокурорлары, Комитеттің аумақтық органдарының бастықтары өздері шығарған тиісті қорытындының шынайы, обьективті және негізді болуы үшін дербес жауапкершілікте болады.

V. Қорытынды ереже

26. Тестілеуден, әңгімелесуден және алдын-ала тағылымдамадан сәтті өткен тұлғалар, оны комиссияның жиналысында қарап және оны резервке алу туралы мәселе оңды шешіліп, тиісті хаттамамен ресімделгеннен кейін, облыстың және оларға теңестірілген прокурорлардың, Комитет төрағасының бұйрығымен кадрларды қалыптастыру резервіне алынады және олар прокуратура органдарына, Комитетке бос лауазымға қабылдау үшін үміткер болып табылады.

27. Бос орын бар болса, кадрлық қызмет қызметке қабылдау туралы бұйрық шығару үшін өкілетті орган басшысының қарауына резервтегі үміткердің кандидатурасын ұсынады.

Прокуратура органдарына қызметке қабылдау резервшілердің бар тізімінен кезектілік ретімен әңгімелесудің нәтижелері, үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттерін рейтингтік бағалауы негізінде жүргізіледі.

Прокуратура органдарының кадр қызметтері үміткерлерді басқа облыстық және оларға теңестiрiлген прокуратуралардың резервінен олардың кәсіби және жеке қасиеттерін рейтингтік бағалауын міндетті түрде ескере отырып алуы мүмкін.

Оған қатысты осындай шешім қабылдаған тұлғаны қызметке қабылдау туралы бұйрық шығарылғанға дейін олар прокуратура органдарына қызметке қабылдау туралы өтініш жазу керек және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 10 бабында қарастырылған шектеулер туралы міндеттемелерді өзіне қабылдауы қажет. Бос орынға уақытша алу шешімін қабылдағанда осы Ереженің 28 тармағында қарастырылған басымдық есепке алынуы қажет.

28. Қызметке қабылдау туралы мәселені шешу кезінде қызметтік борышын орындау кезінде қайтыс болған прокуратура органдары қызметкерлерінің балаларына, заңгер мамандығы бойынша прокуратура органдарының және құқық қорғау органдарының және басқа да мемлекеттік органдарының әкімшілік мемлекеттік қызметшісі лауазымында жұмыс өтілі бар тұлғаларға артықшылық беріледі.

29. Үміткерлер төмендегі негіздердің бірі бойынша резервтен шығарылуға жатады:

1) жұмысқа орналасудан жазбаша бас тартуы;

2) жұмысқа жолдама алу үшін кадрлық қызметтің шақыруы бойынша 7 күн ішінде дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда;

3) үміткердің Республиканың аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға  кетуі;

4) үміткерді кадрлар резервіне алу туралы шешімді қабылдау сәтінде белгілі болмаған немесе жоқ болған, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес (мемлекеттік қызметке) прокуратура органдарында қызметте болуды шектейтін қосымша мәліметтердің анықталуы;

5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыстық әрекет жасауы;

6) резервте болудың екі жыл мерзімі өткен жағдайда;

1)-3),6) тармақшаларына сәйкес резервтен шығарылған үміткерлер осы Ережеде белгіленген жалпы негіздерде олардың қалауы бойынша резервке қайта енгізілуі мүмкін.

30. Резервтен шығару туралы үміткер оның негіздері көрсетіліп, үміткерге хабарланады. 

31. Облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, Комитеттің төрағасы осы Ережеге сәйкес кадрларды қалыптастыру мен жұмысқа қабылдау бойынша жеке жауапкершілікте болады және тоқсан сайын Кадр жұмысы департаментіне  бекітілген нысанда есеп тапсырады.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.